Шымкентте 70-тен астам полицейдің анасы медалмен марапатталды
Шымкентте Республика күні қарсаңында қызметте ерекше көзге түскен 70-тен астам полицейдің анасы «Үздік офицердің анасы» медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінде Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға департамент басшылығы, жеке құрам қызметкерлері, полицейлердің аналары мен №4 балалар үйінің басшысы қатысты.
Өз кезегінде департамент бастығы Қайрат Дәлбеков жиынға қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтады.
– Араға 13 жыл уақыт салып бейбіт күнде сіздермен бірге Республика күнін атап өту бақыты бұйырыпты. Ендеше осы сәтті пайдалана отырып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан аңыз адам, милиция генерал-майоры Құлахмет Қалменовтің еңбегі жайында айта кеткен жөн. Ол ең қиын шақтарда оңтүстікте 12 жыл табандылықпен басшылық етті. Қазіргі таңда қатарымызда аталған нар тұлғаның ізімен келе жатқан қырағы полицейлеріміз жетерлік. Біз олармен әрқашан мақтанамыз. Сонымен қатар, біздің жұмысымыздағы әрбір жетістіктің артында департаменттің жеке құрам қызметкерлерінің үлкен еңбегі жатқанын атап өткім келеді. Баршаңызға жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, бақ-береке, денсаулық, қажырлы қызметте биік жеңістер тілеймін!, – деді Қ.Дәлбеков.
Мерекелік ізгі тілектің соңы қызметте айрықша көзге түскен полицейлер мен олардың анасын марапаттау рәсіміне жалғасты.
Республика күнінің құрметіне қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 60-тан астам полиция қызметкері алғысқа бөленді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Полиция департаментінің 15 қызметкері марапатталды.
Департамент бастығының атынан барлығы 73 анаға «Үздік офицердің анасы» медалі тағайындалып, 10 полицейдің анасына генерал Қайрат Дәлбеков марапатты өз қолымен табыстады.
Мерекелік шара соңында эстрада әртістерінің қатысуымен концерт өтті. Олар өздерінің жан тебірентерлік шығармаларымен жиналғандарға жағымды көңіл-күй сыйлады.