Түркістан облысының тұрғындары ауылдастарының сиырын ұрлап, сатып жіберген
Түркістан облысының тұрғындары ауылдастарының сиырын ұрлап, сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның Шәуілдір ауылына қарасты жайылымында жүрген бір сиыры белгісіз жағдайда жоқ болған. Тұрғын малын 10 шақты күн өздігінен іздейді. Алайда іздеу шаралары оң нәтиже бермеген. Содан полицияға хабарласып, жоғалған сиырын табуға жәрдем беруін сұрайды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгені құрады.
Аталған хабарламаға байланысты Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Отырар аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері бірлесіп, қылмысты ашу бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді.
Мал базарлары мен алып-сатумен айналысатындар да полицияның назарынан тыс қалмады. Осылайша жедел-тергеу тобы өзінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлік көрсетіп, бір тәулік ішінде ұрлықтың бетін ашты. Күдікті ретінде жәбірленушінің көршісі мен оның танысы, яғни екі ер адам ұсталды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 1-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.
Анықталғандай, күдіктілер тұрғынның сиырын жайылымнан әкетіп, жалдаған жүк көлігіне артқан. Содан сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сондай-ақ тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерден 6 бас сиыр ұрлап, 3 жайт мал ұрлығын жасағаны анықталды. Олар бөтеннің малын Сайрам, Отырар аудандарында сатып жіберген. Күдіктілер қамауда. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.