Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жүргізуші куәлігін сатып алмақшы болғандар алаяқтарға алданып қалды

Астанада жүргізуші куәлігін сатып алмақшы болған азаматтар алаяқтарға алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыарқа ауданының полиция бөліміне алданған 13 астаналық жүгінді. Анықталғандай, жәбірленушілер алаяқтарға Telegram арнасында кезіккен, ол жерде оларға емтихан тапсырмай жүргізуші куәліктерін алуға көмек ұсынылған.

Мемлекеттік органдарда байланыстары бар деген сылтаумен, қаскүнемдер емтихан тестін тапсыру кезінде оң нәтиже беруге уәде берген. Ол үшін мамандандырылған ХҚКО-ға келіп, жауаптарды кездейсоқ басу арқылы тест тапсыру керек болған. Оң нәтиже алмаған астаналықтар полицияға жүгінген. Мобильді банкинг арқылы жәбірленушілер алаяқтарға 50-ден 360 мың теңгеге дейін ақша аударған. Бүгінгі таңда 20-ға жуық алданған азамат анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 27 және 33 жастағы екі ер адамды ұстады. Қылмыстық топ онлайн режимінде жалған адамдар атына банк карталарын рәсімдегені анықталды. Алаяқтарға “тапқан” ақшаларын қолма-қол ақшаға айналдыруға, ірі сауда орталықтары мен гипермаркеттердегі банкоматтардан шешіп алуға 16 жасар жасөспірім көмектескен.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұрын осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін істі болған ұсталғандар ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру