ШҚО полицейлері бес күн ішінде 12 көлікті айыппұл тұрағына қойды
ШҚО полицейлері бес күн ішінде 12 көлікті айыппұл тұрағына қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қабылданған қаулыларды уақтылы орындау, сондай-ақ азаматтарға қолданыстағы әкімшілік заңнаманың талаптарын түсіндіру мақсатында облыс аумағында бес күн бойы «Айыппұл төле» акциясы өткізілді.
Бес күн ішінде тәртіп сақшылары атқарушылық іс жүргізу қызметкерлерімен бірлесіп 21 млн теңгеден астам соманы өндіріп алды. Сонымен қатар автокөлік иелерінің әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешектері бар 12 автокөлік мамандандырылған автотұрақтарға қойылды.
Мысалы, Өскеменде құқық қорғау органдары 31 жастағы азаматтың басқаруымен Toyota көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жалпы сомасы 110 мың теңгеден астам «Сергек» АБК автоматты режимінде тіркелген 6 төленбеген ұйғарым анықталды.
Барлық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (Белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кету) бойынша жасалған.
Осыған байланысты борышкердің көлігі айыппұлдар толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 811-бабына (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібі) сәйкес азаматтардың жеті жұмыс күні ішінде елу пайыз мөлшерінде айыппұл төлеуге құқығы бар екенін түсіндіреміз.
Айыппұлдарды төлеу барлық банк мекемелерінде және электрондық үкімет порталы арқылы жүргізілуі мүмкін екенін еске саламыз.