Жамбыл облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды
Республикада жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлық басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шара туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің төрағалығымен мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабы отырысының барысында айтылды.
Конференция жұмысына Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев, облыс ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев, облыс әкімдігінің бірқатар басқармаларының басшылары қатысты.
Аталған іс-шараның басты міндеті – қоғам өкілдерінің басын біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға, халықтың наркологиялық сауаттылығын арттыруға және балалардың, жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын сақтау үшін алдын алу жұмыстарына қатысудың маңыздылығын түсінуге бағытталған есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешенін іске асыру.
Ержан Сәденов нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерін ойдағыдай шешу қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығының басты шарты екенін баса айтты.
– Бірлесіп күш салумен ғана біз өскелең ұрпаққа үлгі болып, еліміздің салауатты болашағын қамтамасыз ете аламыз, – деді Ержан Сәденов.
Сонымен қатар Әлім Бажықбаев аталған айлық шеңберінде мүдделі тараптармен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.
Ол сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
– Ағымдағы жылдың 4 айында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 193 дерегі анықталды, оның ішінде 76 қылмыс және 117 қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 528 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оқу орындарында, колледждерде және жоғары оқу орындарында 3000 – нан астам студент қатысқан барлығы 250 профилактикалық іс-шара өткізілді, – деп сөзін түйіндеді ПД есірткі қылмысына қарсы іс- қимыл басқармасының бастығы.