Астанада Есіл өзенінің жағалауынан велосипед ұрлаған екі азамат анықталды
Құны 350 мың теңге тұратын Sterm маркалы екі бірдей велосипедінің ұрланғаны туралы қала тұрғынынан полицияға хабар түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елорда тұрғыны кешкі уақытта Ш.Айтматов көшесі аумағындағы Есіл өзені жағалауына демалуға барып, велосипедін уақытша қойған жерінен қас қағымда ұрлатып алған. Шомылуға барып, сәлден соң велесипед қалдырған жеріне келгенде, мүлкінің жоқ болғанын аңғарады.
Велосипедтің ұрланғанын түсінген жәбірленуші бірден тәртіп сақшыларына жедел қоңырау соқты.
Есіл аудандық полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ұрлық жасады деген күдікпен Астана қаласының 22 және 19 жастағы азаматтарды анықтап, қолға түсірді. Ұрлық жасаған азаматтар кінәларын мойындап, ұрланған велосипед тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта олардың елордада бұрын жасалған қылмыстарға қатысты бар-жоқы тексеріліп жатыр
Астана қаласының полиция департаменті велосипед ұрлығы жиілеп кеткенін ескертіп, төмендегі ережелер олардың жоғалуын болдырмауға көмектесетінін хабарлайды:
– велосипед жақтауларын белгілеу (жапсырмаларды орналастыру);
– велосипедтерді кіреберістерде (домофон орнатылған болса да), дүкендердің жанында және қалалық саябақтарда қараусыз қалдырмаңыз;
– сенімді велосипед құлыптарын қолданыңыз (U-құлыптары жақсы).