Астанада объектіден құрылыс құралдарын шығарып сатқан азамат ұсталды
Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде құрылыс құралдарын ұрлауға қатысы бар 26 жастағы жұмысшыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сейфуллин көшесіндегі құрылыс объектісінде жұмыс істеп жүрген жігіт, жұмыс күнінен кейін құрылыс объектісінде қалып қойған. Ол түнгі уақытты пайдаланып, құрылыс алаңынан жалпы сомасы 135 мың теңге тұратын ұнтақтағыш, бұрағыш және перфоратор алып шыққан. Ұрланған құралдарды кездейсоқ адамға сатып жіберген.
Жұмысшыға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жас жігіт мойындау айғақтарын берді, ұрланған құралдар иесіне қайтарылды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті құрылыс объектілерінің басшыларына тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауды болдырмау үшін объектілерді күзету бойынша шаралар қабылдауды, құрылыстарды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды және күзет дабылын орнатуды ұсынады.