Ақмола облысында ішімдік ішкен жасөспірімдер анықталды
Ақмола полицейлері «Жасөспірім» ЖПІШ барысында құқық бұзушылықтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22-24 қыркүйек аралығында полиция қызметкерлері білім, денсаулық сақтау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және жұртшылықтың өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шараларға шықты.
Үш күндік жұмыс нәтижесінде ювеналды полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 179 кәмелетке толмағандарды анықтады, олардың 145-і түнде ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болған, ұсақ бұзақылық жасаған 24 жасөспірім, 9-ы алкоголь ішкен.
Атап айтқанда, Көкшетау қаласын патрульдеу кезінде полицейлер 17 жастағы екі кәмелетке толмаған баланы тоқтатып, олардан пышақ тауып тәркіледі.
Сонымен қатар ЖПІШ кезеңінде тұрғылықты жері бойынша 556 ата-анаға және полиция органдарының есебінде тұрған 337 кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға барды.
Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмағанның құқықтары мен мүдделерін қорғау, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерді орындамағаны) бойынша 23 заңды өкіл жауапқа тартылды.
Сондай-ақ ЖПІШ барысында тәртіп сақшылары құқық бұзушылыққа бейім 56 кәмелетке толмаған адамды және 46 қолайсыз ата-ананы профилактикалық есепке қойып, 3 баланы «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау» орталықтарына және 4 кәмелетке толмаған баланы медициналық мекемелерге орналастырды.
Қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балалардың өмір сүру жағдайларын тексеру кезінде ата-аналармен алкоголь мен есірткі заттарының адам ағзасына зияны туралы әңгімелер ұйымдастырылды. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, күтіп-бағу және оқыту жөніндегі жауапкершілігі түсіндірілді.
Кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу саласында туындайтын мәселелер бойынша құқықтық және консультациялық көмек көрсетілді.