Қарағанды полициясының бас сақшысы студенттерді қызметке шақырды
Облыстың бас сақшысы Санжар Әділов Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында С. Әділов студенттерге Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қоғамдық қауіпсіздік бағытында полицияның алдына қойған тапсырмаларын айтып, түсіндірді.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік – бұл полицияның басты міндеттерінің бірі. Бүгінгі кездесу барысында мен сіздерге Ішкі істер министрлігімен осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды жеткізбекпін. Биыл министр ішкі істер органдарында кадр әлеуетін арттыру жылы деп белгіледі. Осы мақсатта біз кадрларды жасақтау, жас мамандарды жұмысқа тарту мәселесіне үлкен мән берудеміз, – деді Санжар Әділов.
Өңірде қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды студенттердің назарына жеткізген департамент бастығы полицияға кадрларды жасақтау мәселесіне де тоқтала кетті. Сондықтан да ПД бастығы кездесу барысында заң факультетінің соңғы курсында оқып жүрген бірқатар студентке полицияға жұмысқа шақырту жолдамасын табыстады.
– Айта кету керек, жас мамандарды ішкі істер органдарына тартуда полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасы ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Былтырғы жылы Қарағанды университетінің 35 түлегі полиция қатарына жұмысқа алынса, биылдың өзінде 25 адамға жолдама берілді. Бұл ұстаздар үшін қуанышты жағдай, – деді университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.