БҚО полиция департаментінің бастығы халық алдында есеп берді
БҚО полиция департаментінің бастығы халық алдында онлайн есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев халық алдында құқық қорғау органының жұмысы туралы есеп беріп, азаматтардың ведомствоның қызметіне қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді.
Есеп беру кездесуі ведомствоның Instagram желісіндегі ресми аккаунтында және бірінші басшының Faсebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өтті. Кездесуді онлайн ұйымдастыру арқылы барынша көп қатысушыны қамтуға мүмкіндік туды.
Басшы азаматтарды облыс аумағындағы жедел ахуалдың жай-күйі және оны тұрақтандыру бойынша полиция қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Статистикалық ақпарат ретінде өткен жылғы мәліметтер келтірілді.
БҚО ПД бастығының мәліметінше, 2023 жыл қорытындысы бойынша жалпы құқық бұзушылық саны 22,8 %-ға азайған. 10 мың халыққа шаққанда құқық бұзушылық деңгейі 63-ті құрады. Ауыр қылмыс түрі 23%-ға, орташа дәрежедегі 29%-ға және онша ауыр емес дәрежедегі қылмыс 10%-ға, зорлау 15%-ға (13-тен 11-ге), тонау 52%-ға (187-ден 88-ге), ұрлықтар 35%-ға (2144-ден 1376-ға), соның ішінде пәтер ұрлығы 33%-ға (426-дан 285-ке), қалта ұрлығы 66%-ға (51-ден 17-ге) және алаяқтық 27%-ға (1189-дан 866-ға) төмендеді.
– Алдын алу шараларын алу нәтижесінде мас күйде жасалған қылмыстар саны 21%-ға (632-ден 499-ға), көшелердегі қылмыс 21,2%-ға (741-ден 584-ке) және қоғамдық орындардағы қылмыс 20,9%-ға (1726-дан 1366-ға) азайды. Қасақана адам өлтіру, қарақшылық, бұзақылық қылмыстарын ашу көрсеткіші 100%-ға дейін, тонау 97,9%-ға көтерілді. Ішкі істер органдарының өндірісінде 14 мыңнан астам қылмыстық іс тергелді. Сотқа 1 мыңнан астам (1209) қылмыскерлер тапсырылды, – деп көрсетті департамент бастығы өз баяндамасында.
Бүгінгі күні жасалған қылмыстардың ішінде басым бөлігін бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары және алаяқтық қылмыстары құрап отыр. Бұл жөнінде Арман Оразалиев нақтырақ тоқталып өтті.
– 2023 жылы 862 бас мал, соның ішінде 192 жылқы, 248 ірі қара және 422 бас қой ұрланған. Мал ұрлығын ашу барысында жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде 72%-ы немесе 206 бас мал (28 жылқы, 69 ірі қара, 123 қой) иелеріне қайтарылды. Осы мақсатта ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 66 қылмыс әшкерленіп, мал ұрлығын кәсіп еткен 14 қылмыстық топ және 98 барымташы ұсталды. Мал ұрлығына жол бермеу мақсатында 119 қоршалған арнайы қораларға 2777 бас мал (оның ішінде: 2035 ірі қара, 699 жылқы, 43 қой) қамалып, малдарын қараусыз жайылымға жібергені үшін 3757 мал иесі жауапқа тартылды, – дейді департамент басшысы.
Осыған орай ауыл тұрғындарына малды бағуды орталықтандырып, арнайы бақташының қарауымен ұйымдастырылуын, сондай-ақ жылқы малдарына GPS-трекерлерін орнатуды және басқа да мал бағудың тиімді тәсілдерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарастыруын сұрады.
Сондай-ақ Арман Оразалиев бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі – алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық мәселелерін де сөз етті. Заманауи цифрлық технологиялардың дамуы бір жағынан сауда және банктік қызметтердегі қаржылық процестерді жеңілдетсе, бір жағынан алаяқтардың қылмыстық әрекеттеріне жол ашып отыр. Интернет-алаяқтық қылмыстары алаяқтық қылмыстарының жалпы санының 56%-ын (485) құрайды. Қылмыс динамикасын талдай отырып, 2018-2022 жылдар аралығында облыста мұндай қылмыстардың саны 10-нан 765-ке дейін өсті, ал 2023 жылы 485-ке дейін төмендеген. Департамент басшысы азаматтарға қырағылықты жоғалтпау керектігін және бейтаныс адамдарға өздерінің жеке және банктік деректерін айтпау керектігі туралы ескертті.
Тікелей эфир барысында БҚО полиция департаментінің басшысына көптеген сауалдар келіп түсті. Желі қолдаланушылары тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі қылмыстарына қатысты, көші-қон саласы бойынша сұрақтар қойылды. Барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берілді. Жалпы есеп беру барысында полиция полковнигі есірткі қылмыстары және олардың алдын алу жұмыстары, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігі, тәртіп пен заңдылық бағытында сөз қозғап, баяндап берді.
Кездесу соңында Арман Оразалиев батысқазақстандықтарға белсенді ұстанымы және онлайн кездесуге қатысқандары үшін алғысын білдірді.