Астана полицейлері 900 мың теңгелік үш телефонды қолды қылған ер адамды ұстады
Астана полицейлері жалпы сомасы 900 мың теңге болатын үш телефонды ұрлаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға әйел жүгініп, елордаға би байқауына қатысу үшін келген кәмелетке толмаған баласының ұялы телефонын белгісіз біреудің иемденіп алғанын айтып арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 40 жастағы ер адам анықтады.
Тергеу нәтижесінде жедел қызметкерлер ер адамның іс-шара өтіп жатқан сарайдың ғимаратына пайда іздеп келгенін анықтады. Ол жерде қолайлы сәтті пайдаланып, рюкзактар жатқан киім бөлмесіне барған. Рюкзакты ашып, жалпы сомасы 900 мың теңге болатын үш ұялы телефонды иеленген.
Бұрын сотталған қаскүнем ұрланған заттарды сатып алушыларға сатып жіберген. Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді.
Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, жеке мүлкін қараусыз қалдырмауды ескертеді.