ШҚО-да биыл 300-ден астам жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген
ШҚО-да биыл 300-ден астам жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейбір жүргізушілер алкогольдің шамалы мөлшерін тұтынудан ештеңе болмайды деп санайды, бірақ алкоголь жалпы реакциялық процестерді төмендететінін және зейінді нашарлататынын түсіну керек. Мас жүргізушіге жол жүрісі қағидаларын сақтау қиынырақ, олар тежегіш пен газ педальдарын шатастырады, белгілерді, бағдаршамдарды, жаяу жүргіншілерді, басып озу маневірін жасаған және қарсы жолақта келе жатқан машиналарды көрмейді, кейде оларды мүлдем елемейді. Дәл осындай жағдай есірткіге масаю жағдайында да болады. Мұның бәрі жол-көлік оқиғаларына, соның ішінде өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
Осы жылдың басынан бастап ШҚО-да 362 жүргізуші мас күйде рульге отырған, ал олардың 22-сі бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандар, бірақ бұл жазаның өзі оларды тоқтата алмады, осылайша олар өз өміріне ғана емес, басқалардың өміріне де қауіп төндіруде. Құқық бұзушылар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылған. Егер көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылып, рульге қайта отырса, қылмыстық жауапкершілік пен бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.