Абай облысындағы ҚАЖД мекемелерінде алимент төлеуге міндеттелген 70-ке жуық сотталған бар
Абай облысындағы ҚАЖД мекемелерінде алимент төлеуге міндеттелген 70-ке жуық сотталған бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты қауіпсіздігі аралас мекемеде 200-ден астам сотталған жұмысқа орналастырылды, олар тапқан жалақыларынан жақындарына көмектесіп, сот үкімімен тағайындаған талап-арыздарын, яғни алимент төлейді.
– Әдетте, мемлекеттік немесе жеке сот орындаушылар бізге алимент төлеу туралы қаулы жолдайды. Әрі қарай, біз осы құжат негізінде әрекет етеміз. Егер сотталған адамның бір баласы болса, онда алимент ұстап қалу жалақының 25 пайызы мөлшерінде жүргізіледі. Егер 2 немесе одан да көп бала болса, онда 33 және одан да көп пайыз ұсталады, – дейді мекеменің бас есепшісі Әлия Бласбаева.
– Жұбайым екеуміз, мен бостандықта болған кезде ажырасып кеткен едік. Балалар алдындағы міндеттемелерімді өтеуден ешқашан жалтарған емеспін, мен осында келгенде, енді төлеммен қиыншылықтар болады-ау деп ойладым, бірақ мекеме қызметкерлері маған бәрін түсіндірді. Бірден жұмысқа орналастым, бұрынғы әйелім ай сайын балаларға уақытылы алимент алады, менің ойымша, адам қай жерде жүрсе де балаларының алдындағы парызын орындауға тиіс, балалардың ештеңеге зәру болмауына ата-ана тікелей жауапты, – деп бөлісті сотталған.
Мекемеде сегіз жеке кәсіпкер мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кәсіпорыны жұмыс істейді, сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде олардың әрқайсысының біліктілігі, білімі мен жұмысқа бейімділігі ескеріледі.
– Мекемеде жалақы есебінен алимент өндіріп алу бойынша сот қаулылары бар 30-ға жуық сотталған ұсталады, – деп толықтырды сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Дастан Исабеков.
Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде алимент төлеу бойынша міндеттемелері бар 70-ке жуық сотталған бар, оның ішінде 45-тен астамы жұмыспен қамтылған.