Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалар колониясының ұстаздары «Отан патриоты» медалімен марапатталды

Алматыда балалар колониясының ұстаздары «Отан патриоты» медалімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыдағы балалар колониясында 49 бала мекеме ішіндегі жалпы білім беретін орта мектепте білім алады. Бүгін аталған колонияда Мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, мұғалімдер департамент басшылығының алғыс хатына ие болса.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Сағалбаев №3 мектеп директоры З.Атеноваға, мектеп директорының орынбасарлары, тәжірибелі ұстаздар Л.Алмазова мен А. Алиеваға «Отан патриоты» медалін табыстады. Алаңсыз асыр салатын кездерінде көздері жәудіреп темір торда жүрген балалардың жанашыры бола білген Айзада Алиева балалар колониясында 20 жылға жуық қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.

– Мен мұғалім ғана емес, ең алдымен анамын ғой. Ал ана жүрегі қашанда балаға деген бал сезімге бай. Жазалы балаларды жабырқатпай, қайта қателіктерін қайталамауға үгіттеймін. Оларға әдеби кейіпкерлердің жетістіктері мен жарқын өмірлерін мысал етіп оқытамын, – дейді ұлағатты ұстаз Айзада Алиева.

Балалардың сабақты жақсы оқып, тезірек кесімді жазаларын өтеп, болашақта мықты маман болуларына барымызды саламыз. Өзің оқытқан баланың темір тордан босап, еркіндікке шыққанын көргенде шын көңілден қуанасың. Болашақта қанаты қайырылмаса екен деген тілекпен шығарып саласың

Ұстаздарға арналған салтанатты жиын соңы оқушылардың өз күштерімен дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру