Ақмола облысында ПД және ҚАЖД қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өтті
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ақмола облыстық ПД және ҚАЖД қызметкерлерінің қатысуымен жылды қорытындылаған жедел кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің төрағалығымен 2024 жылдың қорытындысы бойынша кеңейтілген жедел кеңес өтті. Іс-шараға Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Игілік Хасенов, Ақмола облысының полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев, аумақтық қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің және аумақтық полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жыл қорытындысы бойынша алқа мәжілісінде берген тапсырмалары жеке құрамға жеткізілді. Жиында Қылмыстық-атқару жүйесі мен ішкі істер органдарының 2024 жылдың 12 айында атқарған қызметінің қорытындылары талқыланып, алдағы уақытқа арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Сонымен қатар түрлі саладағы жетістіктер сараланып, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерге назар аударылды.
Министрдің бірінші орынбасары пенитенциарлық жүйе мен полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар беріп, құқық қорғау жүйесінің қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Бұл кеңес қылмыстық-атқару жүйесі мен ішкі істер органдарының қызметін одан әрі жетілдіруге, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық қорғау саласының біртұтас тиімділігін арттыруға негіз болатын маңызды қадам болды.