Семейде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды
Абай облысының полицейлері Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Семей қаласының орталық саябағында мерекелік концерт ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше сый болып, патриоттық сезімді ұялатты. Концерттік бағдарламада еліміздің тәуелсіздігі мен Отан қорғаушыларға арналған әндер орындалып, би қойылымдары ұсынылды, сондай-ақ саптық дайындық элементтері көрсетілді. Көрермендер сахнаға шыққан тәртіп сақшыларын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Полиция өкілдері жиналған жұртшылыққа өз сөздерінде ұрпақтар сабақтастығының, жастарға патриоттық тәрбие берудің және Отан қорғаушылардың ерліктерін еске алудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар бұл мерекенің халық үшін ғана емес, ұлттың болашағы үшін де аса маңызды екенін мәлімдеді.
Шара соңында соғыс жылдарындағы әндер бірге шырқалып, Отанға деген шексіз махаббат пен бірлікке толы ерекше атмосфера қалыптасты.