Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда пробация талаптарын қасақана бұзған сотталған азаматқа қатысты сот шешімі шықты

Атырауда пробация талаптарын қасақана бұзған сотталған азаматқа қатысты сот шешімі шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

12 мамыр күні Атырау қалалық №2 сотында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматқа қатысты сот қаулысы шығарылды. Сотталған тұлға бірнеше мәрте өзіне жүктелген міндеттерді қасақана орындамаған. Осыған байланысты оған электрондық бақылау құрылғысы орнатылған болатын.

Алайда жүргізілген профилактикалық түсіндіру жұмыстарына қарамастан, ол жаза өтеу тәртібін елемей, тәртіп бұзушылықтарын жалғастырған. Электрондық бақылау құрылғысының көмегімен сотталғанның құқық бұзушылықтары нақты түрде тіркеліп, құжатталған.

Осы негізде Атырау қалалық пробация қызметі азаматқа қатысты жаза түрін қатаңдату жөнінде ұсыныс енгізіп, іс материалдарын сотқа жолдаған. Нәтижесінде сот қаулысымен Н. есімді азаматтың жазасының өтелмеген 2 жыл 5 ай 17 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Жыл басынан бері Атырау қалалық пробация қызметінің есебіндегі 41 сотталғанның жазасы бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Олардың ішінде 12 азаматқа электрондық бақылау құрылғысы қолданылған.

— Қазіргі таңда тәртіп бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс күшейтілді. Электрондық бақылау құрылғысы тағылған сотталғандар ерекше бақылауда. Бұл құрылғы тәулік бойы олардың жүріс-тұрысын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді, — дейді Атырау қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Мейрбек Бақтығалиұлы.

Электрондық бақылау жүйесі — пробация талаптарын сақтау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде қызмет атқаруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру