"Anti-fraud" ЖПІШ: көлік полицейлері интернет-алаяқтықпен күресті күшейтті
Көлік полицейлері интернет-алаяқтықпен күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
13–15 мамыр аралығында көліктегі полиция департаменті қызмет көрсететін аумақта ақпараттық технологияларды, соның ішінде интернет-алаяқтықты пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған "Anti-fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Биыл департамент құрылымында киберқылмыспен күреске мамандандырылған бөлім құрылып, соның нәтижесінде интернет-алаяқтық фактілері едәуір азайды. Мәселен, аталған бөлімнің алдын алу шаралары арқасында осындай қылмыс түрлері 5-тен 2-ге дейін төмендеген.
Іс-шара аясында киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері Астана-1 теміржол вокзалында жолаушылармен арнайы кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың түрлері мен белгілері жайында ақпарат берді. Азаматтарға брошюралар мен ақпараттық парақшалар таратылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді. Кездесуге көлік прокуратурасы мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері де қатысты.
Мамандар азаматтарға цифрлық гигиенаны сақтау – яғни жеке деректер мен құпия сөздерді үшінші тұлғаларға бермеу, белгісіз сілтемелер мен қосымшалардан бас тарту қажеттігін қаперге салды.
- Алаяқтар әлеуметтік желілер, фишинг сілтемелері мен жалған банк схемалары арқылы адамдарды алдап соғуда. Біздің басты міндетіміз – алдын алу, азаматтардың қаржысын қорғау, – деді көліктегі ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Руслан Құрманов.
Банк өкілдері де азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі – алаяқтардың әрекеттеріне жиі ұрыну себептерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар банктерде күмәнді операцияларды анықтауға арналған anti-fraud жүйелері іске қосылған.
Полиция барлық азаматтарды қырағы болуға және күмән туындаған жағдайда бірден "102" нөміріне хабарласуға шақырады.