Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Жүрісі күдік тудырды": ЖБО инспекторының қызметтегі қырағылығы

Атырау қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығында қызмет атқаратын полиция капитаны Гүлфарида Төлегенова – бейнебақылау арқылы ауыр және аса ауыр қылмыстарды әшкерелеуде ерекше қырағылығымен көзге түскен тәжірибелі маман. Ол тек биылғы бес айдың ішінде 50-ден астам қылмыстың ізін суытпай ашуға себепші болған. Оның ішінде бұзақылық, ұрлық, тонау, тіпті адам өлтіру секілді ауыр санаттағы қылмыстар да бар. Толығырақ Polisia.kz сайты баяндап береді.

Камерадан түскен бейнелерді сағаттап, тіпті кадрлап зерттейтін инспектор адамның жүріс-тұрысы, қимыл-әрекеті, эмоциялық көріністері мен киім киісіндегі ұсақ-түйек белгілеріне дейін назардан тыс қалдырмайды. Ол үшін әрбір кадр – терең талдаудың нысаны, ал әрбір қимыл – тергеуге жетелейтін маңызды жіптің ұшы.

Мәселен, 22 мамыр күні таңғы сағат 10:00 шамасында "102" арнасына қаладағы бір ЖШС кеңсесіне ұрылар кіріп, ішіндегі 40 миллион теңге көлеміндегі қаржы сақталған сейфті жымқырып кеткені жөнінде хабарлама түседі. Жедел басқару орталығының инспекторы дереу іске кірісіп, оқиға орын алған маңдағы барлық камераларды мұқият шолып шығады.

Тәжірибесі мол Гүлфарида бейнежазбалардан қылмысқа қатысы бар екі ер адамды байқайды. 20–30 жас шамасындағы күдіктілердің бет-аузын жасырып, кәсіби түрде әрекет еткені анық. Алайда олар қанша сақтық танытқанымен, қырағы инспектордың назарынан тыс қала алмады.

Көліктің бірнеше рет орнын ауыстыруы, күдіктілердің екіге бөлініп әрекет етуі, олардың бағыттары мен киіміндегі ерекшеліктер – бәрі де мұқият зерделенеді. Нәтижесінде қылмыскерлердің қозғалыс бағыты мен әрекет сызбасы толықтай қалпына келтіріліп, сейфтің қай жерде бұзылғаны, олардың қалаға қалай келгені мен қай бағытқа кеткені нақты анықталады. Бұл – Гүлфариданың кәсіби сезімталдығы мен аналитикалық ойлау қабілетінің айқын көрінісі. Тергеу тобына нақты бағыт беріліп, қылмыскерлер із суытпай ұсталады.

Полиция капитанының қырағылығын айқындаған тағы бір оқиға өткен жылы орын алған. Бейнебақылау жазбасын қарау кезінде ол күтпеген ерекше көріністі байқаған.

– Қараша айы болатын. Суық ауа райына қарамастан, қысқа жейде киіп, маңдайынан терін сүртіп келе жатқан ер адам көзіме бірден түсіп, күдік тудырды. Оны бақылап, ізіне түсіп қарасам, бірнеше эпизодтан тұратын қарулы тонаудың дәл осы адаммен байланысты екенін анықтадым, – дейді бейнебақылау инспекторы.

Күдікті адам қаланың камера қойылмаған көшелерін әдейі таңдап, киімін ауыстырып, бет-бейнесін жасыруға тырысқанымен, Гүлфариданың логикалық ойлау жүйесі мен кәсіби түйсігі оны әшкерелеуге жол ашты. Ол жалғыз бір көрініске ғана емес, адамның жалпы жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына негізделе отырып, бейнежазбадағы адамның кім екенін анықтап, тергеу тобына нақты деректер мен дәлелдер ұсынды.

Гүлфарида Төлегенова ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылы бастаған. Алғашында ақпараттық-аналитикалық бөлімшеде техник лауазымын атқарып, кейін көші-қон қызметінде қызмет еткен. 2020 жылы жедел басқару орталығына ауысып, бүгінгі таңда бейнебақылау саласының кәсіби маманына айналды.

– Қылмысты ашуға кіріскен сәтте бар назарымды тек сол іске арнаймын. Бейнекамерадан бір сәт көз жазып қалсақ, қылмыстың ізі жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан әрбір кадр, әрбір қимыл – мен үшін аса маңызды. Өз жұмысымды ерекше жақсы көремін, бұл қызмет дәл менің табиғатыма сай, – дейді полиция капитаны.

Иә, Гүлфарида Төлегенова – қазіргі заманғы технология мен адам интуициясын шебер ұштастыра білген, адал қызметтің үлгісін көрсетіп жүрген нағыз кәсіби инспектор. Оның қырағылығы мен терең талдау қабілеті – қоғам тыныштығы мен әділдіктің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру