Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында тәртіп сақшылары қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Жетісу облысы полиция департаменті ғимаратының алаңында салтанатты жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл күн – ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларына деген зор құрметтің көрінісі, батыр бабалардың ізін жалғаған ерлерді ұлықтайтын сәт. Іс-шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, облыс әкімінің орынбасарлары, полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері мен департамент басшылығы қатысты.

Салтанатты шара аясында қатысушылар заманауи полиция техникасы мен қару-жарақ үлгілерінен құралған көрмені тамашалады. Арнайы мамандар әрбір техниканың қызметтік мүмкіндіктерін таныстырып, олардың іс жүзіндегі қолданылуы жөнінде кеңінен ақпарат берді. Бұл көрме полиция қызметінің заманауи бағытта дамып жатқанын айқын көрсетті. Жиынның жүректі тербеген ерекше сәті – қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан сақшыларды еске алу рәсімі болды. Жетісу облысының әкімі, полиция департаментінің бастығы, облыс әкімінің орынбасарлары мен ардагерлер кеңесінің төрағалары ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен ерлікпен көз жұмған қаһармандардың рухына тағзым етті.

Мерекелік жиын Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Мұнда полиция қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қызметіне адалдық танытып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік және облыстық деңгейдегі алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табыс етілді. Мерекенің шарықтау шегі – Д.Рақышев атындағы филармония әртістері мен тәртіп сақшыларынан құралған шығармашылық топтың ұсынған әсерлі концерттік бағдарламасы болды. Көрермен жүрегіне жол тартқан ән мен күй ел қорғаушыларын құрметтеудің бірегей үлгісі ретінде есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру