Ақмола облысында жастармен "Заң. Тәртіп. Жауапкершілік" тақырыбында профилактикалық диалог өтті
Ақмола облысында жастармен "Заң. Тәртіп. Жауапкершілік" тақырыбында профилактикалық диалог өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында "Жастар Рухы" жастар қанатының коворкинг орталығында белсенді студенттер мен мектеп оқушыларының қатысуымен құқықтық семинар-әңгіме ұйымдастырылды.
Іс-шараны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері бірлесе өткізді. Кездесу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, патриоттық рухты нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды.
Диалог барысында қатысушылар Конституцияның ел өміріндегі маңызы мен азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу тәртібін талқылады.
Сонымен қатар есірткіні қолдану мен таратудың заңдық салдары, салауатты өмір салтының маңызы туралы әңгіме өрбіді. Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту себептері жайлы тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, олардың алдын алу жолдары қарастырылды. Кездесу барысында студенттер өз ойларын ашық білдіріп, мамандарға сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
- Конституция әрбір азаматтың өмір сүру, денсаулық және жеке қауіпсіздік құқығын бекітеді. Мемлекет халықты қылмыстан, соның ішінде есірткінің заңсыз айналымынан қорғауға міндетті. Жастармен бірлесе отырып, нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу шараларын іздеу – ерекше маңызды, – деп атап өтті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын арттырып қана қоймай, ел болашағына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.