Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті

Қызылордада жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі қоғамда тәртіп пен тәрбие, заң мен имандылық қатар өрбуі тиіс. Әсіресе, жастар үшін бұл құндылықтардың орны ерекше. Заң талаптарын орындау – әр азаматтың міндеті ғана емес, оның саналы тұлға ретіндегі жауапкершілігінің айқын көрінісі. Ал имандылық – адамның ішкі мәдениеті мен рухани байлығының айнасы. Осы екі ұғымның үйлесімі – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің басты кепілі.

Осы мақсатта 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында пробация есебіндегі жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға бағынудың қоғамдағы рөлін және имандылықтың адам өміріндегі маңызын түсіндіру бағытында кездесу өтті.

Шараны облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Н. Садуакасов ашып, сөз кезегін спикерлерге берді.

Алғаш болып сөз сөйлеген Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы, философия ғылымдарының PhD докторанты Б. Оспанов имандылықтың мәнін, оның дінмен байланысын, адамның мінез-құлқы мен заңға бағынуы шариғат қағидаттарымен де үндесетінін атап өтті. Ол жастарға адамгершілік, жауапкершілік, тәртіп пен ішкі мәдениеттің маңызын діни және өмірлік мысалдармен түсіндіріп, оларды ізгілікке, сабырлық пен парасаттылыққа шақырды.

Сондай-ақ Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Б. Рысбай жастарға заңның үстемдігі, құқықтық мемлекеттегі азаматтың рөлі мен жауапкершілігі, құқық бұзушылықтың салдары туралы нақты деректер келтіре отырып, құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын айшықтады. Ал Қызылорда қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары, әділет майоры Г. Байсариева пробация есебіндегі жастардың қоғамға бейімделуіндегі негізгі кедергілерге тоқталып, оларды еңсерудің жолдарын ұсынды және жеке мәселелері бойынша кеңес берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру