Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде Ата заңның құндылығы дәріптелген танымдық шара өтті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде Ата заңның құндылығы дәріптелген танымдық шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңның мәнін терең түсініп, әрбір баптың мазмұнына үңілу – қоғамдағы даудың алдын алып, тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі болмақ. Конституция күні қарсаңында ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекеменің жеке құрам қызметкерлері қалалық №19 кітапхананың ұйымдастыруымен өткен “Заң білу – заман талабы” атты тағылымды шараға қатысты.
Іс-шара барысында қызметкерлер екі топқа бөлініп, кітапханашы Айжан Болатқызы дайындаған заңға қатысты викториналық сұрақтарға нақты жауап берді. Тартысты өткен ой жарысында әр тарап жеңісті қолдан бермеуге тырысты.
Білім сайысы барысында қатысушылар заң мен кітап тақырыбына арналған мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, жасырылған жұмбақтардың шешімін тапты. Бұл әдіс сананы сергітіп, ойды оятуға бағытталған тың тәсіл ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, қызметкерлер Конституция күніне арналған кітап көрмесін тамашалап, Ата заңның қадір-қасиетіне және оның қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
– Ата заң – егемен еліміздің еңсесін көтерген басты құндылық, негізгі құжат. Қызмет барысында әр әрекетіміз заңға сүйеніп, құқық қағидаларын басшылыққа аламыз. Сондықтан бұл тақырып бізге жат емес. Іс-шараға арнайы қатысып, салмақты сұрақтарға жауап беру арқылы білгенімізді ортаға салғанымызға қуаныштымын. Еркін форматта болса да, мазмұнды әрі қызықты ойын болды, – деді мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспекторы Динара Шахи.
Мекеме ұжымы алдағы уақытта да кітапханамен байланысын нығайтып, бірлескен шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.