Қостанай облысында жасөспірім ірі көлемде есірткімен ұсталды
"Қарасора - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері психотроптық заттарды сақтап, таратты деген күдікпен 16 жастағы Теміртау тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірім Рудный қаласындағы қалалық жағажай маңында ұсталды. Одан ұнтақ тәрізді зат салынған орамдар, шамамен 80 пакет тәркіленді.
Кейін полиция қызметкерлері Қостанай қаласында жалға алынған пәтерге тінту жүргізді. Пәтерден электронды таразылар, жүздеген бос пакет, сондай-ақ сату үшін дайындалған 200-ден астам есірткі орамы табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен жарты килограммды құрады.
Сот-химиялық сараптама тәркіленген заттың синтетикалық есірткі екенін көрсетті.
Алдын ала дерек бойынша жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы қылмысқа тартылған. Мессенджерде оған "жоғары табысы бар курьерлік жұмыс" ұсынылған. Шын мәнінде, оның міндеті есірткіні сақтау және Қостанай облысы аумағына жасырын қойып шығу болған.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық топтың ұйымдастырушыларын және сыбайластарын іздестіруде.
Полиция жасөспірімдерді интернет арқылы арбау – есірткі бизнесінің кең таралған тәсіліне айналғанын еске салды. Құқық қорғаушылар ата-аналарды балалардың бос уақытын және олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін мұқият қадағалауға шақырады.
Жалпы алғанда, бүгінгі күні Қостанай облысында заңсыз айналымнан 5,5 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.