Көкшетауда әйелдердің сенімі мен әлеуетін арттыруға бағытталған шара ұйымдастырылды
Көкшетауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 11 әйел арнайы жобаға қатысып, өмірлерінде оң өзгерістер жасауға мүмкіндік алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бағдарлама аясында қатысушыларға әрлеушіт пен шаштараздың сабақтары ұйымдастырылып, бұл олардың өзіне деген сенімін арттыруға, ішкі күшін сезінуге және өзін-өзі жүзеге асырудың жаңа қырларын ашуға ықпал етті. Сыртқы өзгерістер олардың көңіл-күйін көтеріп, жаңа бастамаларға жігер берді.
Қатысушылар қарапайым өзгерістердің өзінде мерекелік көңіл-күй сыйлағанын, ал бұл сезім жаңа қадамдарға шабыт бергенін атап өтті. Дағдарыс орталығының психологтарының айтуынша, мұндай өзгерістер әйелдердің эмоционалды тұрғыда қалпына келуіне үлкен әсер етіп, өзін-өзі бағалауды нығайтады әрі жаңаша көзқарас қалыптастырады.
Трансформацияға дейін әйелдер үш күн бойы Гуманитарлық-техникалық академия базасында өткен саяси көшбасшылық мектебінде дәрістер, тренингтер мен тәжірибелік сабақтарға қатысты. Жобаны Ақмола облысы полиция департаментінің қолдауымен "Шанс" дағдарыс орталығы, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық қоры және "Женский луч" қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Мектептің негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, азаматтық ұстанымын қалыптастыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
– Біздің міндетіміз – әйелдерге тек дағдарыстан шығуға ғана емес, болашаққа сеніммен қадам басуға көмектесу. Бұл трансформация әрбір қатысушының өз күшіне сенуіне және жаңа мүмкіндіктерді көруіне алғашқы қадам болды, – деді ұйымдастырушылар.
Жоба соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды. Айта кетейік, білім беру бағдарламалары мен өзгеріс сабақтарының үйлесімі әйелдерге тек білім мен дағды алуға ғана емес, сонымен қатар өздеріне сенім артып, ішкі күшті сезінуге және өмірдің жаңа стратегияларын қалыптастыруға мүмкіндік берді.