Маңғыстау облысында "Жолда қабылдау" акциясы өткізілді
Маңғыстау облысында "Жолда қабылдау" акциясы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бейнеу елді мекені маңында "Жолда қабылдау" акциясы ұйымдастырылды. Шара "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында және "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өткізілді.
Акцияға Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері, соның ішінде жергілікті полиция қызметі басқармасы, әкімшілік полиция басқармасы, патрульдік полиция ротасы мен Бейнеу ауданы полиция бөлімінің басшылары, сондай-ақ "ҚазАвтожол" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Шара барысында жүргізушілер мен жақын елдімекендердегі мал шаруашылықтарының иелері мамандарға өз сұрақтарын қойып, жол қозғалысы мен малды қараусыз қалдырудан туындайтын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды.
Полицейлер азаматтарға жол апаттарының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, төрт түлік малдың жолға шығуына жол бермеу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ сақтық шараларын қатаң ұстанып, жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай орындау қажеттігі атап өтілді.
Осындай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.