Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында полицейлер жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңызын ерекше форматта еске салды

Ақмола облысында полицейлер жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздікті сақтаудың маңызын ерекше форматта еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Степногорск қаласында полицейлер жүргізушілерге ерекше форматта ескерту жасады – олар "Бауырым, жолға шықсаң абайлап жүр" әнін орындап, бейнебаян түсірді. Патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсіби вокалдық білімі жоқ, алайда олардың басты мақсаты – ең маңызды ойды жеткізу.

- Бұл әнді алғаш естігенде бәрімізге ерекше әсер етті. Әуелі жай тыңдадық, кейін өзіміз орындап, жерлестерімізге жеткізгіміз келді. Өйткені жолдағы алаңдаушылықтың бір ғана сәті біреудің өмірін қиюы мүмкін, – дейді Степногорск қаласы ПБ ППВ қызметінің аға инспекторы Азамат Нұртазин.

Әннің авторы – Серік Қалиев, ал әуенін жазған – Жігер Ауыпбаев. Полицейлер өнер иелеріне өздерінің сезімдері мен қызметтік тәжірибесін дәл жеткізген бұл туынды үшін алғыс білдірді.

Әнді орындаған – полиция қызметкері Еламан Еслям. Кәсіби әнші болмаса да, ол ұсынысты қуана қабылдапты:

- Мен әншілікті кәсіп етпегенмін, жай ғана әуесқоймын. Дегенмен, бұл ұсынысты алған сәтте бірден келістім. Өйткені халық үшін маңызды нәрсе жасағым келді, – дейді ол.

Қызметкерлердің айтуынша, патрульдік полиция жол-көлік оқиғасы орын алған жерге бірінші болып жетеді. Олар алғашқы көмек көрсетіп, немқұрайдылық пен ережені сақтамаудың ауыр салдарына куә болады.

- Біз бәрін көреміз – қираған көлікті де, жылаған отбасыларды да. Сондықтан бұл әнді қарапайым ескерту емес, жүректен шыққан үндеу ретінде қабылдаса дейміз: абай болыңыздар, жылдамдықты шектен асырмаңыздар, рульде алаңдамаңыздар, – дейді полицейлер.

Азамат Нұртазин – ішкі істер саласында он жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі офицер. Ал оның әріптесі Еламан Еслям полицияда небәрі үш жыл еңбек етіп жүр. Екеуінің де отбасы, балалары бар. Сондықтан олар үшін адам өмірінің құндылығы бәрінен жоғары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру