Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда нашақорлық пен лудоманияға қарсы форум өтті

Атырауда нашақорлық пен лудоманияға қарсы форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас буын арасында тәуелділіктің алдын алуға бағытталған ауқымды форум ұйымдастырылды. Шараны Атырау облыстық мәслихаты мен Amanat партиясы бірлесіп өткізді.

"Лудомания және нашақорлық тәуелділігі" тақырыбын қамтыған жиынға білім беру ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина саласының мамандары, психологтар, жастар ұйымдарының белсенділері және ата-аналар қатарынан 200-ге жуық адам қатысты.

Форум барысында есірткіге қарсы күресте белсенділік танытып жүрген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Атырау облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева жастардың тәуекел тобына ену себептерін талдап, есірткінің жасырын таралу жолдары мен психологиялық тәуелділіктің алғашқы белгілерін атап өтті. Сондай-ақ рухани және физикалық иммунитетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жиында сөз алған облыстық мәслихат төрағасының орынбасары, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев жастарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және алдын алу шараларының жүйелі жүргізілуінің маңызын ерекше атап өтті.

Форум қорытындысында білім беру мекемелері мен тиісті салалық құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейту, ата-аналар мен оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, профилактикалық бағдарламаларды жаңарту, сондай-ақ жастардың мәдени және спорттық өмірге белсенді араласуын ынталандыру жөнінде нақты ұсыныстар қаралды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру