Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда студенттерге арналған киберқауіпсіздік дәрістері өтті

Көкшетауда студенттерге арналған киберқауіпсіздік дәрістері өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

30 қыркүйек күні Ақмола облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері "Bereke Bank" АҚ сарапшыларымен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап дәрістер өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды 16 қыркүйектен бастап күшіне енген қылмыстық заңнамадағы өзгерістермен таныстыру болды. Әсіресе Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына ерекше көңіл бөлінді. Аталған бапта банктік шоттарға, төлем және сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру немесе сатып алу, сондай-ақ заңсыз ақша аударымдары үшін жауапкершілік қарастырылған.

Басқарма мамандарының дерегінше, биылғы жылдың басынан бері өңірде 850 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 жағдайға артық. Мұндай статистика жастар арасында алдын алу жұмыстарының маңыздылығын айқындайды.

Ш. Уәлиханов атындағы университеттің студенттерімен өткен кездесуде полиция майоры Бекзат Назарова мен аға лейтенант Алдияр Кеңес жаңа бапта көзделген құқық бұзушылықтардың құқықтық салдарына тоқталды. Олардың айтуынша, заңсыз әрекеттер үшін айыппұл салудан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар қарастырылған.

Дәріс барысында студенттерге сотталғандардың өз тәжірибесімен бөліскен деректі фильм көрсетілді. Көпшілігі «дроппер» ретінде әрекет етіп, яғни қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларында делдал болған. Кейбірі мұндай қылмысқа білмей араласса, енді бірі саналы түрде қатысқан.

Полиция өкілдері қылмыскерлердің әлеуметтік желілер арқылы жастарды жиі арбайтынын, оңай әрі жылдам табыс уәде ететінін, алайда мұның бәрі заңсыз қаржылық операцияларға алып келетінін атап өтті. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері – жалған хабарландырулар арқылы алдын ала төлем алу, жалған инвестиция ұсыну, мессенджерлердегі зиянды сілтемелер, телефон арқылы несие рәсімдеу және басқа да әдістер түсіндірілді.

Студенттерге жеке деректерді қорғаудың маңызы айтылды. Яғни жеке куәліктегі мәліметтерді, банк шоттары мен төлем құралдарына қатысты құпия деректерді бөгде адамдарға бермеу, SMS арқылы келетін кодтарды жария етпеу қажет екені ескертілді. Кез келген күдікті жағдай байқалған сәтте дереу полицияға жүгіну ұсынылды.

Өз кезегінде "Bereke Bank" мамандары алаяқтықтың техникалық тұстарын түсіндіріп, қылмыскерлер қолданатын психологиялық айла-шарғыларды ашып көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Көкшетау қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерін толық қамту жоспарланған. Алдын алу бағытындағы мұндай кездесулер жүйелі түрде жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру