Атырауда бір мектептің 13 түлегі полиция қатарында қызмет етуде
Атырауда бір мектептің 13 түлегі полиция қатарында қызмет етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қазан – Ұстаздар күні қарсаңында атыраулық полицейлер өздерінің алғашқы ұстаздарын кәсіби мерекемен құттықтады.
Атырау облысы полиция департаментінде бүгінде Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының 13 түлегі қызмет атқарып жүр. Олар – қоғам тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қорғау жолында еңбек етіп жүрген жас офицерлер.
Мектеп түлектері кәсіби мереке күні ұстаздарына арнайы барып, құрмет көрсетті. Ұстаздар шәкірттерін формадағы киіммен, офицерлік шен тағып келгенін көріп, үлкен қуаныш пен мақтаныш сезімін жеткізді. Полицейлер өз кезегінде білім мен тәрбиенің берік іргетасын қалап, өмірлік бағыт-бағдар берген ұстаздарына алғыстарын білдірді. Олар тәртіп сақшысы болудың жауапкершілігі бала кезден алған тәлім-тәрбиемен тығыз байланысты екенін атап өтті.
- Шәкірттеріміздің ел тыныштығын сақтап, абыройлы қызмет атқарып жүргенін көру – біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі, ата-ана тәрбиесінің нәтижесі. Жас офицерлерге адалдық пен жауапкершіліктен айнымай, ел сенімін ақтай берулеріне тілектеспін, – деді Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясының ұстазы.
