Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында жүргізуші куәлігі жоқ азамат ұрланған көлікпен ұсталды

Ақмола облысында жүргізуші куәлігі жоқ азамат ұрланған көлікпен ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

10 қазан күні таңертең Ақмола облысында ерекше жағдай тіркелді. Патрульдік полиция қызметкерлері "Тасымалдаушы" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында іздеуде жүрген автокөлікті тоқтатты.

Сағат 06:40 шамасында Көкшетау – Рузаевка автожолының 36-шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мемлекеттік нөмірсіз қозғалып келе жатқан Kia Cerato автокөлігін байқаған. Жүргізушінің күмәнді әрекетіне назар аударған полицейлер көлікті тоқтатып, тексеру жүргізді.

Белгілі болғандай, рөлде отырған азаматтың жүргізуші куәлігі болмаған, әрі ол елордадағы автосалондардың бірінде жұмыс істейтіні анықталды. Тексеру барысында ер адамның туыстарына бару мақсатында жұмыс орнындағы жаңа көлікті рұқсатсыз айдап кеткені белгілі болды.

Полиция дереу Астана қаласындағы әріптестерімен байланысқа шықты. Нәтижесінде көлікке қатысты ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны және оның ресми түрде іздеуде екені расталды.

Айта кету керек, жүргізуші алкоголь тұтынбаған. Дегенмен, патрульдік полиция қызметкерлері оның жүргізуші куәлігінің болмауы — жол қозғалысына қатысушылар үшін елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.

- Біз ықтимал апаттың алдын алдық деп есептейміз. Жүргізуші куәлігі жоқ адам көлік жүргізу дағдыларына ие емес және айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, — деді патруль қызметінің өкілдері.

Ұсталған азамат одан әрі тергеу жүргізу үшін Көкшетау қалалық полиция басқармасына жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру