Ақмола облысында "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушылары ант қабылдады
Ақмола облысында "Жас сақшы" полиция сыныптарының оқушылары салтанатты ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола өңірінде "Жас сақшы" құқық қорғау бағытындағы сыныптар саны артып келеді. Көкшетау, Степногорск қалаларында және Атбасар ауданында 6 полиция сыныбы бар. "Жас сақшы" сыныбының барлығы қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімдерімен аталады. Полицейлердің бастамасымен және оқу орындары әкімшілігінің қолдауымен болашақ офицерлер үшін қажетті стендтермен және ақпаратпен жабдықталған мамандандырылған кабинеттер ашылды.
21 қазанда Көкшетау қаласының техникалық мектеп – лицейінің 6 "Ә" сынып оқушылары жас полицейлер қатарына қосылып, салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Жаңа сыныпқа 2006 жылы қайғылы жағдайда қаза тапқан полицей Ерлан Аскеровтің есімі берілді. Әрбір офицердің өміріндегі аса маңызды оқиға арнайы Республика күнінің құрметіне ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараны полиция департаменті бастығының орынбасары Аслан Қызбикенов ашты. Басшы оқушыларды өмірдегі маңызды қадамымен құттықтап, оқушылардың оқуда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, болашақта өз өмірін құқық қорғау органдарындағы қызметпен байланыстыратынына сенім білдірді. Аслан Қызбикенов балаларды "Заң мен тәртіп" қағидатын мүлтіксіз сақтауға және оған құрдастарын тартуға шақырды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша балаларды антқа аға әріптестері – полиция қызметкерлері әкелді. Бірден екі жаңа полиция сыныбының 35 оқушысы "Жас сақшы" атағын абыроймен алып жүруге, жақсы оқып, Отанға адал болуға ант берді. Балалардың әрқайсысына полиция сыныбы оқушысының мәртебесін растайтын арнайы куәлік табыс етілді.
Салтанатты шараға жас полицейлердің мұғалімдері мен ата-аналары куә болды. Бейіндік сыныптарда оқыту өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді дамытуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және мамандық таңдауда бағдарлауға бағытталған. Әдеттегі пәндерден басқа, жас полицейлер саптық, медициналық, психологиялық және өртке қарсы дайындық теориясынан өтеді.