Атырауда тасжол маңындағы қыстақтарға жарыққа шағылысатын баулар таратылды
Атырауда тасжол маңындағы қыстақтарға 100-ге жуық жарыққа шағылысатын бау таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ірі қара малдарға жарыққа шағылысатын баулар тағу жұмыстары жүргізілді.
Бұл бастама Атырау облысы полиция департаменті мен "NCOC" компаниясының қолдауымен жүзеге асуда. Шараның негізгі мақсаты – төрт түлік малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, тұрғындардың және жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Республикалық маңызы бар Ақтөбе – Астрахань автомобиль жолының бойындағы Мақат ауданына қарасты қыстақтар мен шаруа қожалықтарына барған тәртіп сақшылары арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, иелеріне жарыққа шағылысатын бауларды таратты.
Нәтижесінде 100-ге жуық ірі қара малдың мойнына жарыққа шағылысатын баулар тағылды.
Полицейлер қожалық иелеріне ірі қара малдың тасжолға шығуы жол-көлік оқиғаларына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертіп, жол бойындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұндай баулар түнгі уақытта көлік жүргізушілеріне жол бойындағы малды алыстан байқап, апатты жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы алдын алу шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Алдағы уақытта ауылдық елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі күшейтіледі.
Сонымен қатар мал иелеріне өз иелігіндегі ірі қара малды бақылауда ұстау және қауіпсіздік талаптарын орындау міндеті жүктелетіні атап өтілді.
Айта кетейік, бүгінде Мақат ауданында 26 қыстақ пен 36 шаруа қожалығы бар. Алдағы уақытта облыс бойынша 1000-нан астам жарыққа шағылысатын бау тарату жоспарланып отыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарының жол бойындағы қауіпсіздігін арттырып, мал иелерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.