Алматыда "Құқықтық тәртіп" іс-шарасының қорытындысы жарияланды
Алматыда "Құқықтық тәртіп" іс-шарасының қорытындысы жарияланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
21–23 қазан аралығында Алматы қаласында қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Іс-шара барысында қалалық полиция күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшті. Барлық полиция жасақтары қылмыстың алдын алу, әкімшілік құқықбұзушылықтардың жолын кесу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеді.
Үш күн ішінде тәртіп сақшылары жүзге жуық қылмысты "ізін суытпай" ашты. Оның жиырмадан астамы бейнебақылау жүйелерінің көмегімен анықталған. Сонымен қатар 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар қолданылды. Олардың қатарында ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін ішу және қоғамдық тәртіпті бұзу деректері бар.
Жол қозғалысы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Көлікті мас күйінде басқарған 22 жүргізуші ұсталды, қарама-қарсы жолаққа шығу бойынша 19 дерек тіркелді, ал жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 87 фактісі анықталды.
- Мұндай іс-шаралар құқықбұзушылықтардың алдын алуға және оларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының қауіпсіздік сезімін күшейтуге мүмкіндік береді. Алматы полициясы "Заң және тәртіп" қағидаты аясында жұмыс істеп, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдық тыныштықты сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ногайбаев.
Алматы полициясы алдағы уақытта да қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шараларды тұрақты түрде жалғастыра береді.
