Павлодар облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті
Павлодар облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Павлодар облысының полиция департаментінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға қала студенттері қатысты. Іс-шараның мақсаты — жастарды полицейлердің қызметімен таныстыру және оларды жан-жақты даму жолына бағыттау.
– Ашық есік күні әскери-патриоттық тәрбиені, оқушылардың мәдени, рухани және зияткерлік деңгейін арттыруды, сондай-ақ полицейлердің имиджін көтеруге бағытталған іс-шара. Түлектердің ойлануға және ведомстволық полиция оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттарды жинауға әлі де уақыты бар. Біз әрқайсыңызды полицейлер қатарынан көруге қуанамыз, – деп атап өтті облыстық ПД-ның жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Елеутаев.
Алғашқы нысан – жедел басқару орталығы болды. Орталықта қонақтарға құқықтық тәртіпті бақылау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты уақыт режімінде қолданылатын заманауи технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді.

ЖБО экскурссиясынан кейін қонақтар тарих және жауынгерлік даңқ музейіне аттанды. Жастар ведомствоның тарихы мен жетістіктері туралы білді. Көрмеге ретрофотосуреттер, түрлі кезеңдердің қалпына келтірілген формалық киімдері, қару-жарақ, марапаттар ұсынылды.
Сонымен қатар студенттер қызметтік иттермен жұмыс істейтін кинологтармен танысты. Полицейлер тиімді қызмет атқаруға қажетті дағдыларды көрсетіп, нашақорлықтың зияны туралы түсіндірді. Төрт аяқты сақшылар өз зеректігімен көпшілікті тәнті етті.

Оқушылар үшін ерекше есте қалғаны – қызметтік автокөліктер көрсетілімі болды. Полицейлер патрульдік көліктерді таныстырды, ал жас қонақтар олардың жабдықталуын қызығушылықпен қарап шықты. Бұл оқушыларға жағымды эмоциялар мен қызығушылық сыйлады. Сондай-ақ ЖҚАЖ жауынгерлері қару-жарағы мен жабдықтарын көрсетті.

Тағы бір маңызды аспект – кәсіби бағдар. Мектеп түлектері мен колледж студенттері полиция ведомствосының жұмысының ерекшеліктері жөнінде ғана емес, ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу туралы ақпаратты да тікелей мамандардан алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде ІІМ жүйесінде Алматы, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қалаларында төрт оқу орны жұмыс істейді.
– Кездесу қызықты да әсерлі өтті. Полицейлердің жұмысымен танысып, қызметтің қыр-сырын ішінен білуге бірегей мүмкіндік болды. Осындай мүмкіндік бергені үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз, – деді бірінші курс студенті Наталья Маркина.
Іс-шара соңында қатысушылар полиция департаментіне полиция қызметі туралы жан-жақты және қызық экскурсия ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Өйткені оқу орнын аяқтау – адамның өміріндегі маңызды кезең. Бұл – алға нақты мақсат қойып, оған жету жолдарын дұрыс анықтау қажет уақыт.
