Ақмола облысында полицейлер мас жүргізушіні қолға түсірді
Ақмола облысында полицейлер мас жүргізушіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында патрульдік рота қызметкерлері Астана - Қарағанды - Алматы тасжолының 1331-шақырымында күдік тудырған Daewoo Matiz көлгін байқаған. Көлік бірде жылдамдықты арттырып, бірде баяулап, кейін жолда теңселіп жүре бастаған.
Полицейлер күдік тудырған көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізуші терезесін ашқан сәттен-ақ ащы иіс пен дөрекі мінез-құлқымен өзін әшкерелеген. Оны медициналық тексеріске жеткізген полицейлер әйелдің орташа деңгейде алкогольдік мас күйде болғанын анықтады.
Тәртіп сақшыларының күдігі расталды. Жүргізушінің айтуынша, ол Астанадан Қарағандыға отырыстан кейін шыққан екен. Сот шешімімен құқық бұзған әйел 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Жыл басынан бері Ақмола облысында полиция қызметкерлері 1595 мас жүргізушіні көлік тізгіндегені үшін жауапқа тартқан. Сонымен қатар 97 жүргізуші көлікті мас күйде басқаруды қайталағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
