Павлодар облысында тыныштықты бұзудың 5 мыңнан астам фактісі анықталды
Павлодар облысында тыныштықты бұзудың 5 мыңнан астам фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде түнгі уақытта тыныштық сақтау тәртібі бар. Яғни түнде шулауға болмайды. Ал ережені бұзған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Павлодар облысының полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері Павлодар облысында түнгі тыныштықты бұзудың 5000-нан астам дерегі тіркелген.
Түнгі сағат 01:50-де Қайырбаев көшесіндегі үйдің тұрғыны көршісіне шара қолдануды сұрап, хабарласқан.
— Жұмыстан шаршап келіп, тынығамын деп ойладым. Алайда көршім алкогольдік мас күйінде әйелімен ұрысып, аяқпен тарсылдатып, шу көтерді, – деді шағымданған азамат.
Сол түні сағат 00:45-те Кривенко көшесіндегі көпқабатты үйден тағы бір хабарлама түсті. Қоңырау шалған тұрғын көршілерінің пәтерінде қонақтар көп екенін, олардың баспалдақ алаңына шығып, қатты сөйлесіп жатқанын айтты.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары түнгі тыныштық бұзған азаматтарды жауапкершілікке тартты.
— Біздің еліміз – құқықтық мемлекет, ал түнгі уақытта тыныштықты сақтау ерекше маңызды кезең. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы сіз құқық бұзушы атанудан және жағымсыз салдардан аулақ бола аласыз. Ең алдымен, бұл — көршілерге құрметпен қарау және оларға тынығудың маңызды екенін түсіну. Түнгі уақытта музыканың және теледидардың дауысын азайтыңыз. Кеш өткізуді жоспарласаңыз, көршілерді алдын ала хабардар етіңіз. Рұқсат етілмеген уақытта шулы жөндеу жұмыстарын жүргізбеңіз. Өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді білу жауапкершілікке тартылудан сақтайды. Тыныштық сақтап, көршілерді құрметтеңіз. Сонда ғана баршамызға өмір тыныш және жайлы болмақ, — деп атап өтті полицейлер.
Егер сіз құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, "102" нөміріне хабарласыңыз, "Police 102" мобильді қосымшасын пайдаланыңыз немесе өңірдегі полицияның іnstagram парақшасына direct арқылы жазыңыз.
