Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында заңсыз қоқыс төгу фактісі анықталды

Астанада "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында заңсыз қоқыс төгу фактісі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы басталғаннан бері полиция қызметкерлері 66 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген орындарға ағынды суларды төгу және қоршаған ортаны ластаумен байланысты өзге де заң бұзушылықтар ерекше бақылауда.

Акция аясында 499 жүк көлігінің және 204 ассенизатор машинасының жүргізушісі жауапқа тартылды.

Рейдтік шаралар барысында түскі мезгілде Айтматов көшесі бойында қоқыс төгу фактісі тіркелді. Shahman көлігін басқарған жүргізуші құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген орынға төгіп, қаланы абаттандыру қағидаларын бұзған. Аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама ресімделді.

Экологиялық тәртіпті нығайту мақсатында Астана қаласы әкімдігі және "109" бірыңғай анықтама қызметімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасының маңыздылығы түсіндіріліп, алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

"Таза Қазақстан" акциясының негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.

Полиция барша азаматтарды экологиялық ережелерді сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру