Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция мемлекеттік қызметшілерге алкоголь мен есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Жетісу облысы әділет департаментінде полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер арасында алкоголь, есірткі және уытқұмарлық заттарды тұтыну фактілерінің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында ерекше назар есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын медициналық емес мақсатта қолдануға жол бермеу мәселелеріне аударылды. Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірілді. Полиция қызметкерлері мұндай әрбір факт заңды бұзып қана қоймай, мемлекеттік институттарға деген азаматтардың сеніміне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Профилактикалық іс-шара — мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында қызметтік тәртіптің жоғары деңгейін сақтау және құқық бұзушылықтың кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды нығайтудағы мемлекеттік қызметшілердің ерекше рөлін бірнеше рет атап өткен: "Мемлекеттік қызметші заңдылық пен адалдықтың үлгісі болуға тиіс. Ол халыққа қызмет етуі керек, мемлекеттік қызметті жеке мүдде үшін пайдаланбауы тиіс".

Осы қағидаттар профилактикалық әңгіменің негізіне айналды: қоғамдағы тәртіп — заңды қорғауға және оны сақтауға шақырылған адамдардың өзінен басталады. Жеке үлгі көрсету, мінез-құлық нормаларын сақтау және кәсіби этиканың жоғары деңгейін ұстану — бұл тек қызметтік міндет қана емес, қоғам сенімін ақтау мен мемлекеттік беделді нығайтудың маңызды шарты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру