Қызылорда облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді
Қызылорда облысында полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында "Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Қызылорда қаласы білім бөліміне қарасты Серғали Толыбеков атындағы №3 IT-мектеп-лицейіне барып, қауіпсіздік сабағын өткізді.
90-ға жуық оқушы қатысқан кездесу барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, заң талаптарын сақтау, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелері жайлы түсіндірді.

Тақырып бойынша полиция қызметкерлері бейнероликтер арқылы қоғамда дұрыс жасалмаған әрекеттер үшін заңмен жазаланатындығы көрсетіліп, әдептілікті ұмытпай, заңға қайшы іс-әрекеттер жасамауға шақырды.
Осы ретте Серғали Толыбеков атындағы №3 IT-мектеп-лицейінің 11 - сынып оқушысы жас түлек Тұрсынтай Ерасыл сыныптастары мен достарына заң мен тәртіпті сақтауға, әрбір жасөспірімнің болашағы өзінің дұрыс іс-әрекетінен басталатындығын айтты.

– Заңды сақтау – барлығымызға міндет. Тәртіп бар жерде тыныштық, даму және өзара сыйластық болады. Сондай-ақ мектептегі тәрбие мен ата-ананың қолдауы жасөспірімдердің дұрыс жол таңдауы үшін өте маңызды, – деп атап өтті.
Тәртіп сақшыларының айтуынша мұндай шаралар жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың жауапкершілігін арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал етеді.
