Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Погонды журналист: Криминалистің бір күні

Polisia.kz редакциясы оқырман қауымға “Сақшы” газетінің тілшісі әзірлеген "Криминалистің бір күні" мақаласын ұсынады.

Ішкі істер министрлігі жыл сайын журналистер арасында "Погонды журналист" жобасын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Оның мәні – қолына қалам ұстап, халықты өңірде өткен жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отыратын тілшілер бір күн өз мамандығын ауыстырып, тәртіп сақшыларының киімін киіп полиция қызметкері болып қызмет етеді. Әркім өзінің қалауы бойынша бірі патрульдік немесе ювеналды полиция қызметкері, енді бірі тергеуші, криминалист тағы басқа салалардың бірін таңдайды.

Биыл да полиция мен БАҚ арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жоба жалғасын тауып, тәртіп сақшысы ретінде қызмет атқарып көруге ұсыныс түскенде мен криминалистика саланы таңдадым. Бұл  қызығы мен шыжығы көп қызметті атқару арқылы көбінесе халықтың көзінен тасада және жұртқа беймәлім қара чемоданына сүйеніп қызмет жасайтын, қаншама қиын істің артында кім тұрғанын дөп басып тауып беретін криминалистер туралы жазуды жөн санадым.

Сонымен, не керек Түркістан олблысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің нұсқауымен Кентау қалалық полиция бөлімшесінің жедел-криминалистика бөліміне жіберді. Ішкі істер органдарының "Медиа орталығының" тілшісі болғандықтан көбіне адамдардың қорқа-қорқа табалдырығын аттайтын мекеме маған таныс. Журналистика саласындағы еңбек жолымда, әртүрлі басылымда қызмет атқардым. Астанада ІІО Медиа орталығының "Polisia.kz" журналына журналист болып жұмысқа тұрдым.

Бала күнімізде полициядан қорықсақ, осы кезден бастап бұл сала қызметкерлерімен етене жұмыс істей бастадық. Олардың қиын қызметтеріндегі талай қызыққа куә болдық, өнегелі істерін елге әйгілеп жүрміз. Он жылдан аса полиция қызметкерлерінің қызметтері жайлы жазып жүрмін. 2023 жылы ұйымдастырылған байқауға қатысып, Кентау қалалық ПБ-ның ақпараттандыру және байланыс тобының полиция қызметкері міндетін атқарған болатынмын. Осы жылы ұйымдастырылып отырған иүмкіндікті қалт жібермей мен қалалық жедел-криминалистика бөлімінің қызметін таңдаған едім.  Полиция қызметкерлері жайлы қалам тербеп мақала жазып жүргеніммен бірақ, полиция формасын киіп, жұлдыз таққан арудың рөлін осы жоба арқылы екінші рет сомдамақпын. Полицияның формасын киіп, иыққа ай күмбезді жұлдызы бар погонды таққан сәтте, сол погонмен бірге үлкен жауапкершілікті арқалағандай болдым.

Жұмыс уақыты таңертеңгі сағат таңғы 8:30-да басталады екен. Таң бозымен келген мені аға криминалист полиция капитаны Бекзат Манпов пен полиция аға лейтенанты Айжан Абдукадыр қарсы алды. Бұл Кентау қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасындағы әрбір сақшы үшін күнделікті рәсім. Кейін әркім өзіне жауапты қызметіне барады. Қалалық жедел-криминалистика бөлімінде 4 қызметкер қызмет атқарады.

Қылмыскерлерді ұстауда криминалистердің еңбегі зор. Себебі, қылмыс болған жерге табаны бірінші тиіп, айғақтарды жинайтындар да – осы мамандық иелері. Десе де, қазір заңды елемейтіндер саусақ ізі арқылы тым сирек ұсталатын көрінеді. Жауапқа тартылмас үшін қолғап киіп, әр қимылдарын алдын ала ойластырып жасайды. Бірақ, криминалистика саласы да бір орында тұрған жоқ. Қылмыс жасағандардың кім екенін анықтаудың амал-тәсілдерінің жаңа технологиялары жыл сайын жаңарып келеді. Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмысты ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

– Криминалист үшін әрбір күн – ұсақ-түйекке дейін назар аударуды, шыдамдылық пен кәсіби дәлдікті талап ететін жауапты жұмыс. Оның міндеті – қылмыс орнындағы әрбір ізі мен айғағын дер кезінде анықтап, істің ашылуына жол ашу болып табылады. Криминалистің жұмыс күні таңсәріден басталады, әрине, егер күтпеген жағдайлар орын алмаса жұмысқа келетін кездеріміз де болады, – жұмыс барысын түсіндіруді бастады Бекзат Ербосынұлы.

Бүгінгі күн тыныш басталды, сондықтан біз криминалистердің кабинетінде күнделікті жұмысына кірістік. Осыдан бірнеше күн бұрын зерттеуге тапсырылған заттарды мұқият тексеруге көштік.

– Әрине, оқиға орын алған жерге дер кезінде барып, ол жердегі айғақты заттарды алып, оларды тексеру де оңай шаруа емес. Әсіресе, қылмыс орын алған жерден қару табылған кезде оның ойыншық немесе макет қару екенін сырт көзге қарағанда ажырата алмай қаласың. Олардың кейбірі сыртқы түрімен шынайы қарудан айнымайды, бірақ іс жүзінде атыс қаруы болып саналмайды. Біз тергеушілерге қылмыс орнындағы іздер мен заттай дәлелдемелерді анықтауға көмектесеміз. Әдетте, дәлелдерді табу – сарапшының, ал нәтижелерді тіркеу және өзге де іс жүргізу әрекеттерін орындау – тергеушінің міндеті. Біз оқиға орнын зерттейміз, айғақтарды аламыз, буып-түйеміз, зерттейміз, фото және бейнефиксация жасаймыз, жоспарлар мен сызбалар құрамыз, қосымша техникалық құралдарды қолданамыз, тергеушілер мен басқа да мамандарға кеңес береміз, – дейді ол.

Бекзат Ербосынұлының қазір үш түрлі рұқсаты бар. Олар дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, трасология зерттеу. Басқа кез келген мамандық сияқты, криминалистикада да тәжірибе – басты ұстаз. Бірнеше жыл қызмет еткен маман қайда іздеу керегін, нені іздеу керегін біледі, жас тергеушілер мен жедел уәкілдерге бағыт-бағдар береді, куәгерлермен сөйлеседі, тіпті жаңа куә таба алады.

Криминалистерді өзгелерден ерекшелендіретін бір белгі – олар әрдайым арнайы құрал-саймандарға толы "фирмалық" чемоданмен жүреді. Оның ішінде щеткалар, индикатор ұнтақтары, электронды үлкейткіштер және басқа да қажетті заттар бар. Осы жоба арқылы криманилистердің құпия саналатын қара чемоданымен жұмыс жасау бұйырыпты.

 – Мұндай жиынтықтың салмағы кемінде алты-жеті келі болады. Әсіресе, кезінде көлік жүрмей жерге жаяу түн ортасында қалаға қарасты ауыл шетіне барғанда бұл салмақ айқын сезіледі. Бірақ осындай шағын зертхана арқылы оқиға орнында-ақ негізгі дәлел түрлерін зерттеуге болады, - деді ол.

Криминалист мамандығы сырт көзге өте қарапайым болып көрінеді. Оны толық игеріп білікті маман болу үшін әрине, ең алдымен тынымсыз ізденіс пен еңбек керек. Себебі, күнделікті орын алып жатқан қылмыстардың ізін суытпай, тез арада ашылуына криминилалистің тигізер септігі мол. Қазіргі таңда, криминалистика саласы да жаңарып келеді. Бұрындары криминалистер тек айғақпен, сия арқылы қол таңба алатын. Ал, техниканың дамыған заманында қылмысты ашу жолы да жыл сайын жетіліп, заманауи техникалармен жабдықталуда.

Аталған жедел-криминалистика басқармасы – ішкі істер органдарында аса маңызды, әрі жауапты рөл атқарып, қылмысқа қарсы күрес ісіне лайықты өз үлесін қосып келеді. Оқиға орындарынан айғақтарды «инемен құдық қазғандай» жинап, қылмыстың бүкіл картинасын әр сәтіне дейін құрастырып, орын алған қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүрген мамандық иелері екеніне осы бір күндік қызметімде куә болдым.

– Криминалистика – ішкі істер саласында ойып алар орны бар ерекше қызмет. Өйткені, біздің сала қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге және тергеп-тексеру барысына жауап береді. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге жедел-тергеу тобының құрамына қатысады. Оқиға орнында қылмыскер қалдырған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге, олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді тікелей жүзеге асырады. Қазір қылмыстық істерді жүргізудің электрондық форматын енгізуге және істерді тергеп-тексеруді оңтайландыруға байланысты криминалистикалық зерттеулерді жүргізу бойынша жүктемелер саны артты. Сәйкесінше, олардың сапасына, толықтығы мен дұрыстығына қатысты криминалистердің жауапкершілігі де артты деген сөз. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталу да мықты болуы тиіс. Бұл үшін қазір жедел-криминалистикалық бөліністер жүктелген міндеттерді атқаруға қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр. Мысалы, заман талабына сәйкес жаңа модельдегі құрал-жабдықтарға уақытылы тапсырыс та жасалады, – деді аға криминалист.

Бекзаттың сөзіне қарағанда күніне он немесе 20 шақты іс келіп түседі.  Келіп түскен әрбір қылмыстың ашылуына септігін тигізгіп келеді.

Айта кету керек, бүгінгі күні жедел-криминалистикалық қызмет елеулі өзгерістерге ұшырады. Олай дейтін себебім, осыдан қырық жыл бұрын криминалисттер қылмыскерді анықтау үшін оған көп уақыт кететін. Себебі, сол кезде қылмыскердің бейнесін куәгерлердің айтуы бойынша оның суреті салынатын. Сонымен қатар, қылмыстық оқиға орын алған жерге жеткен криминалисттер оқиға орнын суретке түсіріп, оны лобороторияға барып шығаратын. "Елу жылда ел жаңа" демекші соңғы жылдары жаңа технологияның септігінің арқасында қылмыскерді оқиға орынан ұзамай-ақ құрықтауға мүмкіндік мол.

Сарапшылардың қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға арналған арнайы электрондық базасы бар. Алайда ең алдымен қылмыс орнын мұқият зерттеу қажет. Әр маман барынша ұқыпты болып, қылмыскер секілді ойлай білуі керек. Мұнда жалпы көрініс те, ең ұсақ бөлшек те маңызды. Көп жағдайда қылмыстың ашылуы криминалистің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Оқиға орнын зерттеу кезінде бір ғана ұсақ бөлшекті өткізіп алу – істің шешілуіне кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, көзге көп көрінбегенімен, криминалистің еңбегі – полиция қызметіндегі ең маңызды буындардың бірі.

Тәуелсіздік алғанан кейін елдегі криминалистика саласы оң өзгерістерге ұшырады. Егемендікке қол жеткізгелі ІІМ қол және аяқ киім іздерінің, көлік құралдарының, бұзу құралдарының, қылмыс орындарынан алынған, криминалдық қарудан атылған оқтар мен гильзалар іздерінің, субъективті портреттің есептерін қалыптастыруға, портреттік зерттеулерді, ДНҚ, одорологиялық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған аппараты арқылы жұмыс жасауда.

Сондай-ақ, жедел-криминалистикалық бөліністерді жабдықтау үшін жылжымалы криминалистикалық зертханалар, оқиға орнын үш өлшемді модельдеу кешені, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу бағдарламалық қамтылымдары бар криминалистің жұмыс орындары,  автоматтандырылған баллистикалық іздеу кешені, шапшаңдықты өлшейтін оқ ұстағыштар және басқа да техникамен жабыдықталған.  ДНҚ зертханасы қысқа мерзімде зерттеулерді, әсіресе, тергеп-тексеру 10 күндік мерзімде аяқталуы тиіс болған жағдайда жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша істерді жүргізуге мүмкіндік береді. Сот сараптамасы орталығында бұл зерттеулер 3 айдан 6 айға дейін жүргізіледі.

Ішкі істер органдарындағы осы мүмкіндіктердің арқасында оқиға орнынан алынған іздерді биологиялық зерттеу (ДНҚ) жедел жүргізіледі. Қылмыстың мән-жайы, атап айтқанда, кісі өлтірудің нақты орны, дәлірек айтсақ, кейбір жағдайда қылмыс жасалған орыннан мәйіттің орнын ауыстырғанда, қару саны мен қылмысты жасау тәсілі бойынша кісі өлтірген адамдардың санын анықтауға да көмектеседі.

Жұмыс барысын зерттеу кезінде қалада жеңіл көлік тоналғандығы жайында хабар келіп түсті. Бірден қызметтік көлікке отырып оқиға орнына жетіп бардық. Оқиға орнында қалған іздерді жоғалтып алмас үшін арнайы лентамен қоршауға алдық. Одан кейін көлікке арнайы ұнтақты сеуіп, құлмыскердің қолдарының ізін анықтадық. Криминалистика ең басты назарын попелиярлық заттармен құрылатын рельефке, әсіресе саусақтардың тырнақ тұсындағы өрнектерге аударады. Мен де саусақ іздерін алудың қыр-сырын көзбен көрдім.

– Мен үшін криминалистика саласының жауапкершілігі мол. Әркез қылмыс орын алған мезетте айғақ-дәлелдің табылуына себепкер атанамыз. Күдіктіні анықтау үшін жан-жақты тексеріс жүргізіледі. Ең алдымен, айғақ заттар алынып, оқиға орнына зерделеу жұмыстары жасалады. Оқиға барысын суретке түсіру, мәйіттерді тану маңызды рөлге ие. Зерттеу барысында саусақ пен аяқ киімнің ізі күмәнді адамдікімен салыстырылады, – дейді полиция капитаны.

– Таң сәріден басталған жұмыс кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Бірақ полиция Бекзат Манаповтың айтуынша, полиция бөліністері арнайы орган болып есептелетіндіктен және қылмыскерлер уақыт талғамайтындықтан, тәртіп сақшыларының да жұмыс уақыты сағат тілінің көрсеткішімен сәйкес келе бермейді. Шұғыл және тосын жағдайлардың орын алуына байланысты кез келген уақытта жұмысқа шақыруы мүмкін. Ондай кезде дереу қызмет орнынан табылып, өзімізге жүктелген тапсырманы орындауға міндеттіміз, – дейді ол.

Расымен, біз күнделікті күйбең тірлікпен айналамыздағы орын алып жатқан заң бұзушылықтармен күресіп, күн демей, түн демей өз қызметтерін адал атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің қым-қуыт жұмысын аңғармайды екенбіз.

Погонды журналист жобасы аясында көп нәрсені түсіндім. Қазақ елі үшін тәуелсіздікке жету қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздікпен тыныстау да соншалықты жауапкершілік екені анық. Ол үшін ең бірінші тыныштық пен татулықты сақтау қажет. Ал, осы қылмысты ашуда, қауіпсіздікті қадағалауда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Полиция қызметкері болу үшін білім, біліктілік, білек және сабыр, төзім мен қажыр-қайрат керек. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу полицейге керек басты қасиет екенін ұғындым.

Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс жасаған сегіз сағат ішінде тәртіп сақшыларына деген көзқарасым түбегейлі өзгерді десем де болады. Бір күндік полиция қызметкері болу маған қиын соқты, ал, нағыз маман осы қызметпен жылдар бойы айналысады. Қалай десек те, әдемі форма мен жұлдызды погонның жүгі ауыр екен. Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке антына адал, өз міндетін абыроймен атқарып, еңбек ете білген тәртіп сақшылары ғана лайық.

Сөз соңында, Кентау қаласы полиция бөлімінің әр қызметкеріне азат елдің тұғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектеріңіз жемісті болсын, қала тыныштығын қорғауда еңбектеріңіз еселене берсін деген тілек білдірдім.

Авторы: Раушан Нарбек

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру