Петропавлда полицейлер жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті
Петропавлда полицейлер жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық полиция басқармасының жеке құрамы өткен демалыс күндері бірнеше жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Полицейлер бес кәмелетке толмаған баланың жоғалуына қатысты төрт бірдей хабарламаны дереу тексерді.
Бір жағдайда петропавлдық тұрғын әйелі мен оның екі жас баласы үйден шығып кеткенін хабарлаған. Тексеру барысында әйелдің жұбайымен жанжалдан кейін облыс аудандарының біріне кеткені анықталды. Қазір бұл отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының бақылауына алынды.
Тағы бір шақырту анасы ескерткеннен кейін үйден шығып кеткен 16 жастағы қызға қатысты болды. Полицейлер оның құрбысының үйінде түнегенін анықтады. Сондай-ақ 6 сынып оқушысы досының үйінде қалып, әкесіне ескертпеген. Әкесі баланың анасынан рұқсат сұрағанын білмей, полицияға жүгінген. Ата-анасы ауысыммен жұмыс істегендіктен бұл оқиға ата-анасын біраз әбігерге салды.
7 желтоқсанға қараған түні қала тұрғыны қоғамдық көлік аялдамасында жалғыз жүрген жасөспірімді байқап, "102" нөміріне хабарлаған. Полицейлер баланы қалалық полиция басқармасына жеткізді. Ол түнде тәтесінің үйінде қонуға рұқсат алғанын, бірақ достарымен қыдырып, ойын-сауық орталығында болып, соңғы автобусқа үлгермей қалғанын айтты. Телефоны үйде қалып қойған. Таңертең полицейлер оның анасын шақыртып, баласын қабылдап алуын қамтамасыз етті және әкімшілік заңнамаға сәйкес ескерту берді.
Жыл басынан бері Петропавлда полицейлер жасөспірімдердің жоғалуына қатысты 79 дерек тіркеген. Әрбір осындай дерек — барлық сыртқы қызметтер үшін дабыл. Іздеу жұмыстарына ювеналды және патрульдік полицейлер, криминалдық полицияның жедел уәкілдері, учаскелік инспекторлар тартылады, оларды жедел басқару орталығының қызметкерлері үйлестіреді.
— Құрметті тұрғындар, балаларыңыздың бос уақытын және жүрген жерін бақылауда ұстаңыздар, оларда әрдайым байланыс құралдары болуы тиіс. Ең бастысы — қараусыз қалдырмаңыздар. Бұл — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себебі, — деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
