Ақмола облысында полицейлер аязды күні жүргізушілерге көмектесті
Ақмола облысы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері — Әділбек Утегенов пен Нұрбек Капезовке — қиын жағдайға тап болған жүргізушілер шын жүректен алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
7 желтоқсанда Екатеринбург - Алматы автожолының 995-шақырымында патрульдік полиция экипажы жол жиегінде тұрған ВАЗ-2107 автокөлігін байқап, мән-жайды анықтау үшін тоқтаған. Әдеттегідей ең алдымен көмек қажет еместігіне көз жеткізбек болған патрульшілер бұл жолы шынымен де қолдау керегін аңғарды.
Автокөліктің генераторы істен шығып, үш жолаушымен келе жатқан көлік Державинск қаласына бағыт алған. Олар аязды күні тас жолдың қақ ортасында бір сағаттан астам уақыт бойы көмек күткен. Жүргізушінің айтуынша, олар Шымкенттен Астанаға бара жатқан, ал Ақмоланың қақаған суығы күтпеген қиындыққа айналған.
Осы сәтте патрульшілердің келуі жолаушылар үшін нағыз құтқару болды.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні Атбасар қаласына жеткізіп, қажетті қосалқы бөлшектерді алуға көмектесті. Кейін көлік тұрған жерге қайта оралып, ақауды жөндеп, сапарды жалғастыруға мүмкіндік берді.
Патрульшілердің айтуынша, аяз басталғалы жолда көмекке мұқтаж жүргізушілер жиілеген. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету – олардың қызметінің маңызды бөлігі.
Бұл оқиға нысанды киім киген полицейдің артында бейжай қарамайтын, жанашыр әрі өз ісіне адал адам тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
