Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бет-әлпетті тану жүйесі іздеудегі қылмыскерлерді анықтауға көмектеседі

Бет-әлпетті тану жүйесі іздеудегі қылмыскерлерді анықтауға көмектеседі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу қарқынды жалғасуда. Бүгінде "Сергек" бейнебақылау камералары, "Ekin Patrol" жүйесі, әуе бақылауына арналған дрондар және тәулік бойы мониторинг пен жедел әрекет жасауды қамтамасыз ететін басқа да цифрлық құралдар тиімді қолданылып келеді.

2024 жылдың шілде айынан бастап Астана қаласы полиция департаментінің жедел басқару орталығында бет-әлпетті тану жобасы жүзеге асырылуда. Жоба іздеуде жүрген азаматтарды анықтауға бағытталған. Бұл мақсатта интеллектуалды видеоанализ функциясы бар отандық бейнежүйелер қолданылуда.

Жүйе тіркеген сәйкестіктер бірден жедел кезекшілерге жолданады. Полиция қызметкерлері тәулік сайын келіп түсетін сигналдарды бақылап, расталған жағдайларға жедел шара қолданады.
Осылайша, жүйенің көмегімен полицейлер 34 жастағы ер адамды анықтап, оның алаяқтық бойынша мемлекетаралық іздеуде жүргені белгілі болды. Оқиға орнына дереу патрульдік наряд жіберіліп, күдікті ұсталды. Іздеу фактісі расталды.

Жоба іске қосылған сәттен бастап жүйе 7 мыңнан астам сәйкестікті тіркеген, олардың шамамен 300-і тексерістен кейін расталды. Тек осы жылдың өзінде 207 іздеудегі адам анықталған. Бұл көрсеткіш цифрлық шешімдердің қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қылмыстарды ашуға айтарлықтай үлес қосып жатқанын көрсетеді.

Айта кету керек, технология тек іздеудегі адамдарды анықтауға ғана емес, күдікті жағдайларда жедел әрекет ету арқылы ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға да мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру