Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы кешенді іс-шаралар жалғасуда
Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы кешенді іс-шаралар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың нұсқауына сәйкес өңір аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында аудандарда көшпелі іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Осы ретте кезекті жұмыс сапары Мұнайлы ауданында ұйымдастырылды.
Іс-шараларға Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Н.Оразов және қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Айдаров қатысып, жеке құраммен гарнизондық жиын өткізді, нақты тапсырмалар берді.
Полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет тәртібіне көшіп, "Тұрмыс" және "Қауіпсіз аула" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
"Тұрмыс" іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторларымен бірлескен тексерулер ұйымдастырылып, азаматтық қару сақтау талаптарының сақталуы бақылауға алынды, сауда нысандары иелеріне алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сатудың жауапкершілігі түсіндірілді, учаскелік инспекторлардың профилактикалық қызметіне талдау жасалды.
"Қауіпсіз аула" іс-шарасы шеңберінде көпқабатты үйлердің аулалары, ойын алаңдары мен кіреберістер тексеріліп, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру деректерінің алдын алу, тыныштықты бұзу мен ұсақ құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында тұрғындармен профилактикалық әңгімелер өткізілді.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан аумағында 93 полиция қызметкері мен 33 қызметтік автокөлік жұмылдырылды.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде:
• 155 әкімшілік хаттама толтырылды;
• 13 тұлға учаскелік тірек пункттеріне жеткізілді;
• 11 автокөлік арнайы тұраққа қойылды;
• 2 жалдамалы пәтер анықталды.
Полиция департаменті өңір тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбауға және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу "102" нөміріне хабарлауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздік - ортақ жауапкершілік.
