Қызылордада жастар арасында нашақорлыққа қарсы спорттық турнир өтті
Қызылорда қаласында балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында киокушинкай-кан каратэден облыстың ашық турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Киокушин – нашақорлыққа қарсы!" ұранымен ұйымдастырылған жарыс жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – Қызылорда облысында киокушинкай-кан каратэ спорт түрін дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар турнир жас буынды тәртіпке, табандылыққа тәрбиелеп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жарысқа 5-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысып, әртүрлі жас және салмақ дәрежелері бойынша бақ сынады. Қатысушылар киокушинкай-кан ережелеріне сәйкес өткен жекпе-жектерде өздерінің күш-жігерін, шеберлігі мен төзімділігін көрсетті. Турнир барысында тартысты әрі қызықты кездесулер өтіп, жас спортшылар өздерінің дайындық деңгейін дәлелдеді.
Іс-шараны ұйымдастыруға Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы, оның Қызылорда облыстық филиалы және Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп атсалысты.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен спортшылар марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен медальдар, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталды.
Осындай спорттық іс-шаралар жасөспірімдер арасында дене шынықтыру мен спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеуге зор ықпал етеді.
