Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысында ұсақ бұзақылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр

Жетісу облысында ұсақ бұзақылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр,  - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметі – жан-жақты әрі күнделікті жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоршаған ортаны қорғау – қызметкерлердің негізгі бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда полиция тек заң бұзушылықтарға әрекет етіп қана қоймай, табиғи тепе-теңдікті сақтауға және елді мекендерді абаттандыруға да белсенді қатысуда. Осы жылдың үш айында полиция қызметкерлерімен қоғамдық тәртіп пен экология саласына қатысты бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзудың 9 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдірудің 6 фактісі анықталды.

Ұсақ бұзақылықтың алдын алу бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Есепті кезеңде мұндай 120 құқық бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру қағидаларын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Үш ай ішінде осы бағытта 4537 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желектерге зиян келтіру фактілері бар.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтар азаматтардың өмір сапасына және өңірдің экологиялық жағдайына тікелей әсер етеді.

- Біздің міндет – тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру. Әрбір бүлінген ағаш немесе абаттандыру қағидаларының бұзылуы – ортақ игілікке келтірілген зиян. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады, – деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.

Полиция тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтауға және табиғатты аялауға шақырады. Себебі елді мекендердің тазалығы мен тәртібі – әрбір азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру