Павлодарда жастардың қатысуымен экологиялық акция өтті
Павлодарда жастардың қатысуымен экологиялық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар өңірінде өткен "Парктер маршы – 2026" халықаралық акциясы экология мен қоғамдық қауіпсіздікті ұштастырған тағылымды шараға айналды. Аталған бастама республикалық "Таза Қазақстан" жобасы аясында жүзеге асырылып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Іс-шараға еріктілер, белсенді жастар, мемлекеттік қызметшілер және облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты. Мұндай үйлесімді әріптестік қаланың тазалығы тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қауіпсіздікпен тығыз байланысты екенін айқын көрсетті.

Акцияның ерекше тұсы – мектеп оқушылары мен студенттердің қолымен жасалған тақырыптық құс ұялары болды. Жуық арада қалалық саябақтарға орнатылатын бұл «құс үйлері» есірткіге қарсы символикамен безендіріліп, алдын алу сипатындағы үндеулермен толықтырылған. Осы арқылы жастар шығармашылық тәсілмен зиянды әдеттерге қарсы өз көзқарастарын білдірді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, мұндай игі бастамалар жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастырып, белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуға ықпал етеді. Жасөспірімдердің қоғамдық пайдалы іске тартылуы олардың қылмыстық ортаға тартылу қаупін айтарлықтай төмендететіні де атап өтілді.

