Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында полицейлердің жедел әрекеті баланың өмірін сақтап қалды

Жамбыл облысында полицейлердің жедел әрекеті баланың өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының тұрғыны полиция қызметкерлеріне дер кезінде көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді.

Қаланың орталық көшелерінде қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция қызметкерлері Ринат Серкебаев пен Еркеғали Әбдікәрімовке асығыс келе жатқан жүргізуші көмек сұрап жүгінген. Белгілі болғандай оның көлігінде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен абайсызда құлап кеткен кішкентай бала болған.

Жағдайдың күрделілігін бірден бағамдаған тәртіп сақшылары уақыт оздырмай, жедел шешім қабылдайды. Олар көлікті ілесіп алып жүруді ұйымдастырып, баланы ауруханаға барынша тез жеткізуге ықпал етеді. Қала көшелеріндегі көлік қозғалысының тығыздығына қарамастан, полиция қызметкерлері жол ашып, көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен. Соның нәтижесінде бала дер кезінде медициналық мекемеге жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың уақытылы жеткізілуі оның өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарған.

- Осындай қиын сәтте бізге жедел көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Уақытты жоғалтпай, баламызды ауруханаға жеткізуге көмектесті. Олардың батыл әрі жедел әрекетінің арқасында ол аман қалды. Осындай азаматтар барда өзімізді қауіпсіз сезінеміз, – деді баланың ата-анасы ризашылықтарын білдіріп.

Айта кету керек, бұл – полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Мәселен, өткен жылы да осы патрульдік полиция қызметкерлері көшеде талмасы ұстап қалған баласына көмек сұраған тұрғынға дер кезінде жәрдемдесіп, науқасты ауруханаға жеткізіп, оның өмірін сақтап қалған.

- Бұл – біздің міндетіміз. Әрбір азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – басты парызымыз, – дейді тәртіп сақшылары.

Полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекеті тағы бір баланың өмірін аман алып қалуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру