Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында полицейлер жастармен ашық диалог өткізді

Успен ауданында "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында полиция қызметкерлері жастармен ашық форматта кездесу өткізді. Тең деңгейдегі диалог түрінде өткен жиында жасөспірімдер үшін өзекті бірқатар мәселелер кеңінен талқыланды, - деп хабарлайды Polsia.kz.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары қазіргі уақытта жиілеп отырған қылмыс түрлеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда дропперлік әрекеттердің қауіпі түсіндіріліп, жастардың заңсыз қаржылық схемаларға тартылу жолдары және банк карталары арқылы "жеңіл табыс табу" ұсыныстарының қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

Сонымен қатар нашақорлықтың тек денсаулыққа зияны ғана емес, психотроптық заттарды таратуға қатысқаны үшін де қатаң құқықтық жауапкершілік қарастырылатыны айтылды. Буллинг мәселесі де назардан тыс қалмай, жастар арасындағы психологиялық қысымның салдары және мұндай әрекеттер үшін заң аясында жауапкершілік бар екені түсіндірілді.

Әңгіме барысында полицейлер нақты өмірден алынған мысалдар келтіріп, бір ғана қателіктің жасөспірімдердің болашақ жоспарларына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.

Мұндай форматтағы іс-шаралар ең алдымен алдын алу жұмысына бағытталған. Құқықтық сауаттылықты арттыру жастарға қауіпті дер кезінде анықтап, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Успен ауданы полиция бөлімінің өкілдері атап өткендей, басты мақсат — жазалау емес, жастарды сыни ойлауға баулу. Полиция мен жас буын арасындағы сенімді байланыс қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру